РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Өзін-өзі тану
3 қаңтар 2017
2459
0

Шындық шыңы – ақиқат

Шындық шыңы – ақиқат

 

        Мақсаты: Оқушылардың төменгі сыныптарда шындық туралы білген ұғымдарын кеңейтіп, ақиқаттың құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру.

        Міндеттері:

        - Адами қарым-қатынастағы бүкпесіз шынайылық, қоршаған ортадағы шындық пен ақиқат туралы түсінік беру;

        - Оқушылардың шындықты жасырмай айта алу, өтірік пен шындықтың ара-жігін дұрыс ажырата білу біліктіліктерін дамытуға ықпал ету;

        - Оқушыларды шыншылдыққа, адалдыққа, шынайылыққа тәрбиелеу.

        Көрнекіліктер: «Шындық пен ақиқат» ұғымдары туралы өнегелі сөздер жазылған плакат, үнтаспаға жазылған Ф.Оңғарсынованың «Шындық» атты өлеңі.

        Шаттық шеңбері

        Сыныптағы бір оқушы немесе мұғалімнің өзі оқулықта берілген «Мұрат етіп шындықты» атты өлеңді мәнерлеп  оқиды. әр оқушы шындық туралы өз түсінігін өлең мазмұнына қарай қысқаша айтып шығады. Мұғалім шындықты мұрат ету, ақиқатқа жүгіну сияқты өлең жолдарын түсіндіреді.

Мұрат етіп шындықты

Б.Айтуқызы

                Мұрат етіп шындықты,

Ақиқатқа жүгінем.

Адалдықты ардақтап,

Жалғандықтан түңілем.

 

Үлкендердің ақылын

Ақ бата деп ұғынам.

Шынын айтқан кішінің

Пәктігіне қызығам.

 

Өтірік айтып өрекпіп,

Жамандыққа бармайық.

Алдаймын деп өзгені,

Өзіміз ұятқа қалмайық!

 

Әр нәрсенің байламын

Шындықпенен шешейік.

Дақ түсірмей жүрекке,

Тәтті ғұмыр кешейік!

       

Әңгімелесу

        Сабақтың тақырыбын ашу үшін оқулықтағы «Ойланайық, пікірлесейік» атты айдармен берілген мына сұрақтар төңірегінде әңгіме жүргізіледі:        Шындық дегенді қалай түсінесіңдер?

        Оқу ақпараты

        Оқушылардың жауаптарын түйіндеген соң мұғалім оқулықтағы жаңа ақпаратпен сабақты жалғастырады. Сабақтың тақырыбын айқындап түсу үшін қолданылатын оқу ақпараты оқушылардың шындық туралы өзіндік көз-қарастарын қалыптастыруға негіз болады.

        Мәтінмен жұмыс

        Оқушылардың танымдық белсенділігі мен іскерлік әрекеттерін дамытып, олардың шындық пен ақиқат туралы түсініктерін мәтін оқу арқылы дамытуды көздейтін бұл әдістің сабақтағы орны ерекше. «Сөздің атасы мен анасы» атты оқуға ұсынылған мәтінді мұғалім интонациялық кідірістерді ескере отырып, үлкен ықыласпен оқып береді.

        Мәтінді оқушылардың өздеріне кезекпен оқытып, мазмұнын мұқият тыңдауды ұйымдастыруға да болады. Мұғалім тақырыптың мазмұнын ашатын сұрақтар арқылы оқушыларға мәтіндегі негізгі ойды таптырып, олардың құндылықты мәнін өз пікірлерімен пайымдатады.

Сөздің атасы мен анасы

Б. Адамбаев

        Тапсырма

        Оқушылар ұнтаспаға жазылған Ф.Оңғарсынованың «Шындық» атты өлеңін тыңдайды. Мұғалім оқушыларға «Шындық – шың-құзда, жолы да тайғақ» деген өлең жолдарын өз пікірлерімен дәйектеуге көмектеседі.

Шындық

Ф.Оңғарсынова

                Сен бе деп жердің бар шамы,

Шарқ ұрып іздеп шаршадым.

Қалмады өлкемнің сай-белі,

Шындық-ай, ауылың қайда еді?

 

Анамыз: «Шындық – шың-құзда,

жолы да тайғақ», - деуші еді.

Көз тіктім әрбір жұлдызға,

Сол екен дедім мен сені.

 

Шындық-ай, көрініп көздерге,

Жар болсаң еді жолдасқа.

Торыққандары көп тоз жерге

Жақынырақ қонсаң болмас па?

        Тапсырманы орындап болған соң, оқушылардың бір сәт демалуы ойластырылады. Әр оқушының өзіндік сенімін арттырып, қиялын қанаттандыратын әрі оларды сезім сергектігіне үйрететін «Тыныштық сәті» немесе «Өзіммен-өзім» релаксациялық тәсілі қолданылады. Бұл әдісті қалай  өткізу керектігін мұғалім өзі шешеді.

        Дәйексөз

        Сабақ әрі қарай оқулықтағы нақыл сөзді талдаумен жалғасады. Мұғалім «шырағы» сөзіне баса назар аударады. Шырақ дегеніміз отпен тең. Ол дауыл соққан сайын лаулап өрши түседі, ал шындық та от сияқты ашылған сайын нақтылана беретін адамға қажетті құндылық екендігін оқушыларға түсіндіреді. Оқушылар нақыл сөздің мағынасын өз сөздерімен жалғастырады. Дәйексөз дәптерге жазылады.

Шындық шырағы дауыл соқса да өшпейді.

Ғ.Мұстафин

        Жағдаяттық талдау

        Оқушыларға үш түрлі жағдаяттық тапсырмалар ұсынылады. Әр жағдаяттың шешімін талқылау барысында балалар өзін және өзгелерді бағалауға, адамдармен жағымды өзара әрекеттестік құра білуге, қай кезде болмасын шындықты айта алуға үйренеді.

        Үй тапсырмасы. Оқушылардың сабақта меңгерген білім, білік дағдыларын бекітіп, іскерліктерін ұштай түсу үшін мұғалім оларға үйден шындық туралы  3-4 мақала жазып келуді тапсырады.

        Қорытындылау. Сабақтың мақсаты мен міндеттерінің орындалу деңгейін көрсететін бұл әдістемелік тәсілде мұғалім оқушылардың тақырыпты қалай игергендері туралы қорытынды жасайды.

        Жүректен жүрекке

        Оқушылар Н.Оразалиннің «Шындық» атты өлеңін мәнерлеп оқиды, олар ешкімді алдамау, өтірік айтпау керектігі жөнінде бір-біріне тілек айтып, бір-біріне деген ыстық ықыластарын білдіреді.

Шындық

Н.Оразалин

                Шындық! Сенен қалмаймын,

Көлеңкең боп өтемін.

Үзілгенді жалғаймын,

Үрлеп ойдың от-емін.

 

Шындық! Сені іздеймін...

Шарлап көктің көлемін.

Тусаң – бірге туамын,

Өлсең – бірге өлемін.

 

Шындық шыңы – ақиқат

 

        Мақсаты: Оқушылардың шындық туралы өткен сабақта алған білімдерін жалғастыру, ақиқаттың құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.

        Міндеттері:

        - Адами қарым-қатынастағы бүкпесіз шынайылық, қоршаған ортадағы шындық пен ақиқат туралы түсінік беру;

        - Оқушылардың шындықты жасырмай айта алу, өтірік пен шындықтың ара-жігін дұрыс ажырата білу біліктіліктерін дамытуға ықпал ету;

        - Оқушыларды шыншылдыққа, адалдыққа, шынайылыққа тәрбиелеу.

        Көрнекіліктер: «Шындық пен ақиқат» ұғымдары туралы өнегелі сөздер жазылған кестенің жалғасы, үнтаспаға  жазылған М.Мақатаевтың «Ақиқаттың ауылы» атты өлеңі.

        Шаттық шеңбері

        Оқушылар ортада шеңбер құрып, шындық пен ақиқатты білдіретін мағыналас сөздерді кезекпен айтады. Олардың адалдық, әділдік, бетке айту, тура сөйлеу тәрізді шынайылықты білдіретін сөздерді айтуы ықтимал.

        Әңгімелесу

        Оқушылардың өткен сабақтағы шындық туралы алған білімдерін толықтыра түсу үшін мына сұрақтар төңірегінде  әңгіме жүргізіледі:

        Адам ақиқатқа не үшін талпынады?

        Оқу ақпараты

        Мұғалім оқушылардың жауаптарын жинақтап тұжырымдайды. Сабақ ақиқат жөнінде айтылған оқу ақпаратында жалғасын табады. Берілген оқу ақпаратын мұғалім өзі оқып береді. Оқушылар жаңа ақпараттың негізінде өмірдегі, адами қарым-қатынастағы, қоршаған ортадағы шындықтың шыңы ақиқат екендігін түсінуге талпынады. Ақиқат жолы күрделі әрі ұзақ, оған жету үшін Абай айтқан нұрлы жүрек, ақыл керектігін  мұғалім оқушы зердесіне жеткізуді ойластырады. Мұғалімнің сөзі төменде берілген оқу ақпаратындағы негізгі ойды тереңдете түсетіндей болуы керек.

        Мәтінмен жұмыс

        Берілген мәтінді сыныптағы бір оқушы асықпай, нақышына келтіріп оқиды. Балалар мәтінді оқып, үйрену арқылы оның мазмұнында айтылған ақиқаттың не екені, оның өмірге қалай  келетіні және оның ақпаратын қызметі жайында пікір алмасады. Сонымен бірге оқушылар мәтінмен жұмыс жасауда көрсетілген сұрақтарға жауап беріп, ақиқаттың  пікірлер тоғысынан туатын шындық екендігіне көз жеткізеді.

Ақиқат

Қ.Толыбаев

        Шығармашылық жұмыс

        Өлеңді оқыңдар. Өлеңнің мазмұны бойынша «Менің түсінігімдегі ақиқат» атты шығарма жазыңдар.

        Оқушылардың ақиқат жөніндегі түсініктерін тереңдете түсу мақсатында оқулықта берілген М.Мақатаевтың «Ақиқаттың ауылы» атты өлеңін оқу ұсынылады. Өлеңнің мазмұнына орай мұғалім әр шумағын жеке-жеке талдайды. Шығарма жазу талаптарына сай ой қорытындысын жасай алуды нақты мысалдармен көрсетеді. Тапсырма шағын шығарма жазу болғандықтан бұл шығармашылық жұмыста  орындалады.

 Ақиқаттың ауылы

(Үзінді)

М.Мақатаев

                Жол қайда ақиқатқа апаратын?

                Ел қайда ақиқат деп аталатын?

                Айлакер, арамзалар, алаяқтар,

Аяғы көктен келіп маталатын.

 

                Сол елде Адамға адам дос-бауыр ма?

Адамға ақ жаныңды тосқаныңда,

Ақ көңілдер тоғысып, ақ арнада,

Аға ала ма, кездеспей тосқауылға?

 

Шомылып ақиқаттың өзенінде,

Шыныға ма шындықтың өз елінде?

Жалғыз түйір арамдық жоқ та шығар,

Адамдардың санасы, өзегінде.

 

Атыменен жоқ болар өсек деген,

Қылта тізіп қылтанақ есептеген,

Атпайтын да шығар-ау бірін-бірі

Оқпен, таспен немесе кесекпенен.

 

Алауыздық әкелген адамдарға,

Жоқ екен онда орын арамдарға.

Бар болса егер, сүреді қайтіп өмір,

Ақиқаттың сүңгісі қадалғанда. 

        Дәйексөз

        Оқушылар төмендегі нақыл сөздерді оқып, олардың мағынасын мұғалімнің көмегімен түсіндіруге тырысады. Балаларға әр дәйексөздегі адамгершілік құндылықтардың мәнін түйіндеп, дәптерге жазу тапсырылады.

        Нақыл сөздердің мағынасын қалай түсінесіңдер?

        Әділ болсаң – қараға – ақ, аққа – жақ,

        Ұрпақтарың жақсы атыңды сақтамақ!

Жүсіп Баласағұн

        Ақиқаттың ең сенімді белгісі – қарапайымдылық пен ашықтық.

Жалғандық әрқашан қиын, түсініксіз және көпсөзді болады.

Л.Н.Толстой

Дәйексөзден соң оқушылардың өз ойын жинақтай алуына жағдай туғызып, әрқайсысының өзіндік ішкі «Менің» түсіне алуына және көңіл күйін жақсы сезінулеріне ықпал ететін «Тыныштық сәті» релаксациялық тәсілін өткізуге болады. әр оқушының демалуына жағдай жасалып, олардың өзіндік сенімін арттырып, қиялын  қанаттандыратын бұл тәсіл оқушыларды сезім сергектігіне үйретеді.

Үйге тапсырма

Оқушылардың өзіндік қызығушылықтарын арттырып,  іскерліктерін бекіту үшін «Сен шындықты мойындай аласың ба?» тақырыбында тест ұсынылады. Төменде берілген тестік тапсырманы үйде орындау арқылы оқушылар өз-өздеріне баға беріп, әр қилы жағдайда қалай шешім қабылдай алатындықтарын білдіреді. Тапсырма дәптерде орындалады.

Тапсырманы орындау тәртібі: Ұсынылып отырған бірнеше сұрақтың әр қайсысына сәйкес келуі мүмкін үш жауабы бар. Біреуін таңдап ал.

Мұғалім оқушылардың ұпайларын кестеге сәйкес тексеріп, әр оқушының ұпайлық көрсеткішіне қарайдың олардың нәтижесін қорытады.

Сабақты қорытындылау. Сабақта қолданылған барлық әдіс-тәсілдердің ұтымдылығы берілген тақырыптың меңгерілу нәтижесін көрсетеді. Мұғалім екі сағатқа лайықталған бұл сабақтардың тақырыбын тұжырымдай отырып, шындық пен ақиқаттың өмірдегі мәнділігіне оқушылардың  назарын аударады. Қорытынды жасаған соң әдеттегідей  «Жүректен жүрекке» әдісі  қолданылады.

Жүректен жүрекке

Оқушылар бір-біріне жақсы тілек айтады. Тілектің мазмұнында міндетті түрде шындық пен ақиқатты білдіретін әдемі сөздер болуы керек. Мысалы, Нұрхан мен Дәурен шынайы достық шын пейілден шыққан адалдықты қажет етеді десе, Анияр мен Арман айтпау адамның бойындағы жақсы қасиет деп ойлайтындықтарын ортаға салады. Сөйтіп, жақсы сөзбен тілек айту жалғаса береді. 

Мақаламен бөліс

Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив