РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Ас мәзірі
18 наурыз 2017
330
0

Уыз дәмі

Жақында жолым түсіп ауылда болдым.Қаңтардың бет қарытар шымыр аязы мен ақпанның алай-түлей ақ бораны басылып,кең даламызға наурыз де келіп есік қақты.Берері көп сайын даламыздың қар көбесі сөгіліп,әр жері,төбе,адырлардың басы қара қош­қылданып қалыпты.Біз үй жанына келіп тоқтағанда,күн де сәскеге тақап қалған-ды.Үй жаққа бет ала бергенімізде, аяғын­дағы кебісін тарпылдатып мал қора жақ­тан келе жатқан «қара жеңгемді» көрдім.Анадайдан көрген мені:
– «Кіші ұл-ау», аузыңның салымы бар екен,сары уызға дөп келдің,екі күн болды,қызыл ала сиырдың уызын жинап жүр едім деп, − аңқылдап қарсы алып жатыр.
Менің ішім жылып сала берді. Әрқашан бала кезімде еркелетіп қойған атымен атап, ылғи осылай қарсы алатын жаны жайсаң жеңгемнің құшағына ене бердім. Көрмегелі бір айға толмаса да, көптен көрмегендей, салдырлап немере інілерім мен қарындастарымның саулығын айтып, ауылдың біраз жаңа­лығын тізіп тұрып жеткізді.
Уыз демекші, көз алдыма бал дәурен балалық шағым есіме түсті. Ақ жаулықты әжелеріміз бен мейірбан аналарымыз уызға ерекше мән беріп бағалай білген. Уыз дегеніміз − жаңа бұзаулаған сиырдың, қозылаған қойдың, лақтаған ешкінің алғашқы сүті. Алғаш төлдеген малды сарқып саумай, төліне қалдырып отырады. Уыз қою болса − сары, ал сұйықтау болса-ақ уыз деп айтатыны есімде қалыпты.Осы бір ұлттық тағамды бала кезімде әжелеріміз қойдың бүйеніне толтырып пісіргенін де көрдім.Сиыр бұзаулағаннан кейін екі-үш күн өткен соң ата дәстүрімен, қысқы соғымнан қалған етті пісіріп, ағайын-туыстар, көр­ші қолаңдар мен жора-жолдастар ша­қырылып уыз береді. Табиғаттың ұлылығы шығар, жас төлдеген аналық уызындағыдай қуаттылық әйел анаға тән. Сондықтан болар, біздің атам қазақ «уызға жарыған» деген сөз қалдырған. Жа­рық­­тық уыздың құндылығы болар, ж­елін­деген малдың желіні толып, тырси­ған­мен, уыз жармай төлдемейтіні тағы бар екенін ауылдың қарияларынан талай естідім.
Айтайын дегенім «қара жеңгемнің» металл ыдысқа пісіріп берген уызы мен сүр болуға айналған жылқы етінен ауыз тиіп, ата салтымыздың, соның ішінде ұлттық тағамымыздың тіл үйірер дәміне тамсандым. Көненің көзі ұмытылмағанына, қазақ ауылындағы ұлттық дәс­түрдің жоғалып кетпеуіне дәнекер болып жүрген «қара жең­гем­дей» ақ жаулықты, көңілі ашық жандарға дән риза болып, бойыма қуат, көңілімде шаттық орнағандай болды.
Батагөй ата-бабаларымыз Наурыз мейрамында «ақ мол болсын» деп ақ жол тілеп жат­қаны,нағыз қазақи дәстүріміз емес пе!

Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер
Ақмола облысы,
Есіл ауданы, Красивое ауылы

egemen.kz

Мақаламен бөліс

Ілмектер:уыз, дәмі
Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив