РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Ас мәзірі
18 наурыз 2017
279
0

Ірімшік

Созақ ауданындағы Қара­таудың етегін жайлаған ауылдарда ірімшікті күнделікті шай дастарқанына қойып, тұтынып отырғанын талай көрдік. Қызылдың құмын жайлаған тұрғындардың ішінен де бұл дәмді ұмытпай дайындап жүретіндері бар. Әсіресе, кезінде мал баққан шаңырақтарда ірімшік үзіл­мейді. Шардара ауданы, Қ.Тұрысбеков ауылында тұра­тын Жаңагүл Молда­назарова жеңгеміз отағасы Қалдыбек ағамызбен кезінде өкіметтің отар-отар қойын баққан еңбек адамдарының қатарынан саналады. Құмнан көшіп келіп, ауылда тұрса да Жаңагүл жеңгей жылда көктемде ірім­шік жасауға кіріседі. Оның дайындаған тағамын кейбір мекеме басшыларының өзі аттай қалап, үйінен алып кетіп жататынын естідік. Жасыратыны жоқ, ірімшіктің қалай дайындалатынын көрейікші деп асай-мүсейімізді арқалап, ол кісінің үйіне арнайы барған болатынбыз. Қазанға толтырып сүт құйып, астына енді от жағып жатқанының үстінен түстік.
− Сендерге таңсық көрін­генімен, малшы қауым үшін таңсық емес. Кезінде он сиырға дейін сауып, қазан-қазан сүт қай­натар едік. Мұндай ірім­шікті күнде дайындайтынбыз. Ол күндер қазір қайда, бәрі де өткен күндерде қалды, – дейді Жаңагүл жеңгеміз.
Ірімшік істеу тәсілі қара­пайым ғана екен. Бұл жерде ең бастысы, сүтті ұйытатын ұйытқыда екенін айтуымыз керек. Оған мәндірді пайдаланады. Мәндір дегеніміз − жаңа туған қозының ұлтабары. Яғни, уызға әбден тойған қозыны соя­ды да, уызға толған ұлтабарын бөлек алады. Осы ұлтабарды немесе мәндірді кемі бір айға дейін пайдалануға болады. Жаңагүл жеңгейдің айтуынша, мәндірдің ішінде уыз мол болған сайын маңызды бола түседі екен.
Біраздан соң сүттің беті суланып, сары суы шыға бастады. Бұл дегеніміз сүттің ұйи бастауы екен. Мәндір өзінің міндетін атқарды, енді сүт қатты қызып кетпей тұрғанда алып қою керек. Осыларды түсіндірген Жаңагүл жеңгей қолындағы ұйытқыны ішінде сүті бар кішкентай ыдысқа салып қойды. Мәндір осы ыдыстың ішінде аса қат­ты салқын да емес, ыстық та емес, орташа темпе­ратурада сақталып тұра береді. Келесі ірімшік пісірген кезде дәл осылай тағы пайдалануға болады.
Қазанға құйылған бір шелек сүттің бетіндегі сары сулары молайып, жайымен бүл­кілдеп қайнай бастады. Мұндайда астындағы отты бір­келкі жағып отыру керек. Қатты күшейтіп жіберсе түбі күйіп кетеді.
Қазандағы сары су бірте-бірте тартылып, түбінде қой­малжың болған ірімшігі көріне бас­таған. Жаңагүл жеңгей дайын болған ірімшікті сүзіп алып, ыдысқа салды. Сап-сары болып тұрған қоймалжың көп өтпей-ақ қатайып, суы тартылып шыға келді. Суыған соң ірімшіктен ауыз тидік. Қант қоспай-ақ тәп-тәтті, ерекше дәмі бар ұлттық тағамға сүйсінбеске амалың жоқ. Еш­қандай химиялық қоспасыз осындай дәмдерді дайындай білген ата-әжелеріміз неткен шебер болған десеңші!
− Қазанның түбінде қалған сұйығы тура кәдімгі ирис кәм­пит сияқты қоюланып қалады. Оны алып балаларға беремін. Мынау ірімшікті кептіріп алып, қысқа дейін сақтай беруге болады. Қиын ештеңесі жоқ, тек құнт болса болды. Жұрт­тың көбі мұны машақат санайды. Сүт жоқ дейді. Сүт болса қозының мәндірі жоқ дейді. Мүмкін ол да рас шығар, қазір шелек-шелек сүт сауып отыратын үйлер де азайды ғой. Бірақ, біздер атам заманнан келе жатқан өзіміздің ұлттық дәстүрімізді, кенеуі мол ас-ауқатымызды ұмытпауымыз керек, – дейді Жаңагүл Мұратбекқызы.
Жаңагүл жеңгемізге алғыс айтып, қоштасып кеттік. Қа­зақ­­тың қымыз-қымы­ра­нын, қазы-қартасын өзге жұрт та мойындап жатыр. Өз құнды­лығымызды өзіміз бағаламаған соң базбір ұлттың пысықтары мәселен, қымызға патент алып, меншіктеп алға­нын естідік те. Енді бір күндері ірімшікті дәл осылай өзге біреу патенттеп алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі аға буын өкілдері осы тағамның түрін білгенімен, ертең олардан кейінгі ұрпақ таза ұмытуы әбден-ақ мүмкін-ау. Ендеше, қам жасайық, ағайын!

Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы
Шардара қаласы, egemen.kz

Мақаламен бөліс

Ілмектер:Ірімшік
Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив