РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Наурыз мейрамы (22 наурыз)
16 наурыз 2018
592
0

Наурыз жайлы өлеңдер

Наурыз жайлы өлеңдер


  Наурыз-мейрам


Болмасын тек Арудың қабағы мұң,
Жалыны байқалсыншы жанарының.
Мынау Дала сілкінер шағы туды,
Наурыз келіп қалыпты – Жаңа жылың!

Сезіледі тіршілік жұрт қамынан,
Дәстүрін, баба жолын жұрт таныған.
Егін бітік, еліңде ақ мол болсын,
Қазақ та ұлт қой әр кез құт дарыған.

Құттықтасын әркім де тұрғыласын,
Көреміз қашаннан-ақ жырды басым.
Әр үйде ақ дастарқан жайылсын да,
Қазандары қайнатсын сүрдің асын.

Наурыз көже ішілсін мерекеде,
Ұлық тұтқан ұлт соны ел екен де.
Салт-дәстүрі сақталса арда елдің,
Сонда кірер ынтымақ, берекең де.

Оянғандай жақсылық, сенім-үміт,
Қарсы ала ма Наурызын елі күліп!
Сыйластығын білдіріп сұлуларға
«Селт еткізер» жасасын сері жігіт.

Ғашықтарға бөгет жоқ жану барда,
Жетелесін арманы аруды алға.
Сергек болсын серінің сезімі деп,
«Ұйқыашар» дәм ұсынсын арулар да.

Құлпырғандай көктеммен дала бүгін,
Алып бір келгендей-ақ жаңалығын.
Құтты болсын Наурызың есік қаққан,
Құтты болсын, алаш ел, Жаңа жылың!

Болсын әр кез асылдан жиғаның ой,
Ұлыс күнде ұрпаққа сыйладың ой.
Алтыбақан тептірген ғашықтарға
Наурыз деген – Махаббат мейрамы ғой!


    Наурыз-тілек


Табиғаттың гүл еркесі Көктем күнін өткерсін,
Сол гүл ерке атырапқа жақсылығын ап келсін!
Көктеміне ілесе анық Наурыз кірсе есіктен,
Сол Наурызбен айналаға нұрға толы бақ келсін!

Табиғаттың гүл еркесі көктем жетті дегейсің,
Сол көктеммен көңілдердің пейілі ақ боп кеңейсін!
Сол пейілмен астасқандай Наурыз кірсе есіктен,
Ұлыс күнмен тіршіліктің несібесі көбейсін!

Табиғаттың гүл еркесі Көктем келіп жар салсын,
Сол қыз-Көктем адамдарға бақыт жайлы ән салсын!
Сол әнменен ілесе егер Наурыз енсе есіктен,
Жаңа күнін үлкен-кіші шаттықпенен қарсы алсын!

Көктем келіп күллі Дала әсемдікке боялсын,
Сол әсемдік атырапқа өрнегін шын жая алсын!
Сол бояумен түрленгендей Наурыз жетсе есіктен,
Күллі әлем жасарғандай осы күнмен оянсын!

Наурыз тойдың әні талай жүректерді сендірсін,
Сол әнменен Ару жайнап, шаттықпенен ел күлсін!
Сол әуенмен тербелсін де ғашықтардың жүрегі,
Жастық жігер әнін естіп табиғат та серпілсін!

Десін елі Наурыз жайлы осы бізге ерек күн,
Десін халық Наурыз жайлы бұл Жаңа күн бөлек тым.
Ұлы күннің ырысты үні пәк күлкіге үн қосып,
Нұрландырсын бесіктегі сәби жүзін бөбектің!

Көктем-қыздың інжуімен бар табиғат жасансын,
Елжіресін, жаны күліп, жанарына жас алсын.
Қарт тарихы бастау болған Қазақ Елі тағы бір
Жаңа жылдың Жаңа күні – Наурызымен жасарсын!


Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Мақаламен бөліс

Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив