РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
МЕРЕКЕЛЕР / Махаббат күні (15 сәуір)
6 сәуір 2017
687
0

Бүгін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтар күні

Kyz_Zhibek_Tolegen.jpg

15 сәуір күні еліміздің бірқатар өңірлерінде жастар арасында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», яғни «Ғашықтар күні» аталып өтті.  Өзін «15 сәуір – Махаббат мейрамы» жобасының авторы» деп жариялаған Серік Абас-шах республикалық басылымдарға мақалалар беріп, сол күні «махаббат мейрамындағы екі жанның арасын жалғаған ұяң сезімнің көріністерін» де жіліктеп жазды.  «Ғашықтар күні» туралы идеяның тарихы негізінен тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылдары қазақ тілді БАҚ-тар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» секілді махаббат символдарының құрметіне белгілі бір күнді мереке ретінде тойлау туралы бастама көтеріп, ол көпшілік тарапынан қолдау тауып, Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында арнайы кештер ұйымдастырылған-ды. Осыдан 2-3 жыл бұрын «Жас Алаш» газеті 11 наурыз бен 19 мамырды сәйкесінше «Қозы Көрпеш күні» және «Баян сұлу күні» деп белгілеп, жұртшылық біраз дүрлігіп, басылды. Одан соң «Ғашықтар күнін» 21 наурызда тойлайық дегендер де болды. Сонымен, бүгін көптен күткен мереке! Ғашықтар мерекесі! Ал, махаббат барша сезімдердің жиынтығы. Оны  жоқ деп айтудың да қажеті шамалы.  


Әр дәуірдің өзінің Қозысы мен Баяны болады. Уақыт өте келе олардың есімдері де тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалады. Мәселен, Қозы көрпеш – Баян сұлу жырында, екі ғашықтың бір –біріне деген адал, пәк, кіршіксіз таза сезімдері суреттеледі. Екеуі  бастапқыда  бір –бірін көрмей ғашық болады. Ал, көргеннен кейін олардың арасындағы сезімдері үдей түседі.  Жырда Қозының Баянға деген сезімі туралы көп баяндалады. Қай нұсқасында  болсын,  оның Баянды сүюшілік сезімін баса суреттеуге тырысады.  Мысалға, Баянға айтқан бір сөзінде Көрпеш:
Дүниеде ғашық қатты екен,
Көңілді бұған бұрғызды.
Бере ме тәңірім, бермей ме,
Ынтық болған бір қызды?
Қосылғанша мен соған,
Ішіме қайғы толғызды, 
Бұл үзіндіден Қозы Көрпештің Баянды шын сүйетіндігі, өзінің сүйгенін жоғары санайтындығы айқын көрінеді. Тіпте, өзінің сүйгені үшін бәріне де дайын екенін дәлелдейді.
Жарым Баян дегенде,
Жүрегімді жанғызды.
Тазша кебін кигізіп,
Кемшілігін қылғызды.
Қозы Көрпеш ескі заманда адал махаббат пен таза сүйіспеншілікті іздегендіктен, поэмада да, оқырмандар  ұғымында жағымды оброздардың бірі болып табылады.  Ол алдынан шыққан қиыншылықтарға қарамастан, өз сезіміне берік болып, шынайы махаббаттың бар екендігін дәлелдейді. Ал, Баян сұлу, ақылды да инабатты. Оның сұлулығын былай деп жырлайды:
Баян сұлу он төртке келген екен,
Тал шыбықтай бұралған ол бір керім.
Беті аппақ, ұшы қызыл, қара көзді,
Қиғаш қара қасы бар сондай көрім.
Аппақ, көрік маңдайлы, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізе басты.
Аузы гүлдің шашағындай, тісі меруерт,
Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты…
Ақылына көркі сай Баян сүйгеніне ешкімді ауыстырмайтын,  өзінің атына берік, өз сезімі үшін күресе білетін жағымды кейіпкердің бірі. Оның да Көрпешті сүйетіндігі мына өлең шумақтары арқылы байқалады:
Есімнен Көрпеш үшін жаңылып ем,
Әкеме мұнша қашып не қылып ем.
Дертіңіз болды ма екен бізден үлкен.
Өлместей болып алдық құса, дерттен.
Беліңнен қатты қысып құшақтасам,
Қабырғаң солқылдайды, сынар ма екен? -
Махаббат оқиғасында әрқашанда екі ғашықтың арасына түсетін жағымсыз кейіпкер де болады. Оны, айтпасақ та барша адам біледі. Қозы мен Баянның арасына түскен жағымсыз оброздың бірі – Қодар. Тіпте, ел аузында екі ғашықтың зиратынын басында екі әдемі өсіп тұрған гүлдің ортасында тікенекті гүл өсіп тұр дегенде бар. Адамдар оны келіп жұлып алып тастаса да, ол гүл қайта шығады екен мыс. Әрине, ең соңында екі ғашықтың қосылмағаны көңілге кірбін түсіреді. Алайда, бұл шын ғашықтар қосылмайды  деген сөздің дәлелі болар. Қазіргі таңда шынайы махаббат жоқ деп айтатын адамдар да кездеседі. Оларға Тұманбай Молдағалиев ағамыздың мына өлең шумақтарын айтқым келеді:
Махаббатты жоқ деп жүрген ауыздың,
Айтары да айтпағы да жауыздық.
Сүймегендер – аянышты пенделер,
Ғашықтарды жырлайды ақын аңыз ғып.
Арбамайды жүрегімде өзге өлең,
Меңреу жан ғой махаббатты сезбеген,
Ғашықтықтан туды менің бар жырым,
Жыр жазбаймын ғашық емес кезде мен.
Бұл өмірде досым бар, дұшпаным бар,
Мені ылғи да бақыттыға қосыңдар.
Ғашық күнім ашық күнім ол менің,
Ғашық емес кездерімнен шошыңдар.
Өмірдің тұтқасы осы ұлы махаббат сезімінде. Ғашық болсаң саған күнде, гүлде, жан – жағындағы адамдар да күліп, қызыға қарап тұрған секілді. Бұл өлең шумақтарын оқи отырып, махаббатты жоқ деп айтуға да қорқасын. Махаббат бар, ол адаммен бірге жүреді. Тек оны аялай білу керек. Әрбір адам өз махаббатының бағбаны. Солып қалмау үшін қай гүлге қанша су құю керек екендігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адам да өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тыңбастан жағдай жасап отыру тиіс. «Махаббат – дүниедегі барлық күштің, барлық қуаттың бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ» – деп айтқан Әзілхан ағамыздың пікіріне қосыламыз.  

 
kozy0a.jpg«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры

 

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» 
жыры - қазақ эпосының ең ескі, ең 
жойқын түрі» 
Ә.Марғұлан. 
 
«Қозы Корпеш – Баян Сұлу» – қазақ халқының лиро-эпостық жыры. 13–14 ғасырлардан бастап жырланып, қазақ арасына кең тараған. Зерттеуші, ғалым Ә.Марғұлан «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырын «мәңгілік жыр» деп атаған. Осы күнге дейінгі жырға байланысты зерттеушілер қазақ заманын, мұңғыл заманын, тіпті әрі кеткенде түрік заманын меже қылып жатқанда ғалым жырдың шығу уақытын б.з.д. екінші мыңжылдықпен байланыстырған еді. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» ескі дәуірдің сюжеті, біздің заманымыздан екі мың жылдам астам бұрын шыққан. Сол кездегі көшпелі тайпалар бұл жырды ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа айтып, біздің дәуірімізге жеткізген» – дейді ғалым. Жырды зерттегенде, ғалымдардың аса көңіл қойып, қызыға қарағаны, әсіресе, Көрпеш пен Баян сұлудың тарихи заманнан келе жатқан ұлы мұнарасы, сәулетті етіп жасаған биік кешені. Ескі қазақтар ондай құрылысты «дың», «діңгек» деп атаған. Мұндай ескерткіштер Қазақстанның көп жерінде осы күнге дейін сақталып келеді. Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі Аягөздің оң жағасында, Таңсық деген ауылға қарсы салынған. Қозы Көрпеш - Баян сұлу аңызы бойынша, Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 мың кісі) жіберіп, Қозы Көрпешке ас беріп, ат шаптырып, той жасайды, Қозы мен Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, олардың суретін тасқа түсіреді. Баян сұлудың өңін, келбетін әдемілеп келтіреді (Радловтың варианты). 
Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісіні бастап келген Айбас. Олар үш көш жерден (90 километр) тас тасып, Аягөздің биік белесінен күмбез жасайды. Ол күмбез әлі тозған жоқ, оларды ұмыттырмай, артында белгі болып келеді (Жанақ). 
Өлсе - дағы Қозыкем арманы жоқ, 
Сурет болып бітіпті Аягөзге. 
(Жанақ.) 
Халық аңызы бойынша, Қозы Көрпеш - Баян сұлу күмбезі қаланған тасты басқа бір таудан әкелген. Тау мен Аягөз өзенінің бойында көптеген тайпалардың мыңдаған кісілері атпен тізбектеле тұрып, бір қолдан бір қолға беріп жеткізіп тұрған. 
Жырдағы ең жарқын түрде айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпештің кешені мен оның ішінде тұрған төрт мүсін тас. Олар туралы жырда былай делінген: 
Суреті Аягөздің тасында тұр, 
Қабыры екеуінің қасында тұр, 
Аягөз бойында тұрған бұл кешен мен оның ішіндегі мүсін тастар - исламнан көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олар Түрік қағанаты кезінде (VI - VIII ғғ.) шыққан. Адамның суретін салған мүсін тасты халық сол кезден ерекше қадірлеген. Мұндағы төрт мүсін тас кешеннің күншығыс жақ бетінде тұрған. Олардың үшеуі - әйел, біреуі - жас жігіт, халық аңызы бойынша, бұлар Қозы Көрпеш - Баян сұлу, оның апалары Айтаңсық, Айғыздың суреттері деп айтылады. Және бір ғажайып жері, олардың аты тек қана мүсін таста сақталып қоймай, жер аттарына да қойылып отырған. Оның зор дәлелі Баянның атымен аталатын сол жердегі «Баян жүрек» тауы, Аягөзге құятын екі өзеннің бірінің аты - Айтаңсық, бірінің аты - Айғыз. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, солардың халық ортасына көп тараған терең сырларын сақтап келген, әсіресе «Баян жүрек» тауы. Баян мен Қозы Көрпештің жиі қосылып сүйіскен жері деп білу керек. 
Баян сұлу – көне дүниедегі жаратушы, хақ, құдай образының әдеби өңделген түрі. Бұл атаудың түп-тамыры «бай», ол қасиет, құт, байлық деген мағынада қолданылады. Байана – жер-су иесі, ол адамды, жер бетіндегі аң-құс, ағаш-шөп т.б. жарылқаушы негізгі күш, құдырет. Біз көбінесе «бай» ұғымының әлеуметтік мағынасына ғана көңіл аударып, оның сакралды негізін ескере бермейміз. Біздің пікірімізше, «Байана» түркі-моңғол тілдес халықтардың көпшілігінде бар ұғым. Мәселен: Алтай телеуіттерінде ол аспан /көк/ құдайларының басшысы, ортақ атауы. Соның ішінде жиі қолданатыны «Тотай пайана» - найзағай, жаңбыр мен бұршақтың иесі, бұлт түрінде көрінеді. «Байанаға» баласы жоқ жандар сиынады, байананы «ене йайачы» деп атайды, оған арнап құрбандық шалады.  
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Ал енді ісләм уағызшыларының (молдалардың) «ойбай» сөзіне байланысты «шайтанның атын атама, бісміллә де, тіліңді кәлимаға келтір» деуі, Байана атының ұмытылуына ісләм дінінің тікелей ықпалы бар екенін көрсетеді. Шындығында да, Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу», немесе одағай «ойбай» түріңде сақталуы ісләм дінінің тікелей ықпалының нәтижесі. 
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрлығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғолда ғана емес үнді-еуропа, финно-угор, семито-хамит т.б. тіл семьяларында кеңінен тараған. Бірақ толық мәнін тек Орталық Азия халықтары сақтап қалды. 
Байана қашан Баян сұлуға айналды? Бұл мәселеге түрік қауымдастықтарының ісләм дінін қабылдауымен тікелей байланысты қараған жөн. Байана әуел бастан дүниетаным моделінің ішіндегі ең бір көркем образ болғандығына дау жоқ. Ол көне бақсылық түсініктерде аяғы ауыр әйел-ана кейпінде сүреттерге түсті, оның әдемілігін табиғаттың ең бір сұлу суреттерімен салыстырып отырды. Байана туралы түсініктерді сақтаудың жалғыз жолы одан көркем образ жасау арғу-түрік тайпалары жайлаған өлкеде ісләм туына бағынудан басталады деп жорамалдауға болады. Ендеше Баян сұлу бейнесіне негіз болған Байана Жаратушы образы ретінде ондаған мыңдаған жылдар, ал Баян сұлу образы ретінде 1000 жылдан астам өмір сүрді. Баян сұлудың тарихы міне осылай! 
Қозы көрпеш – көне дүниеден сақталған күрделі атау. Бұл атаудың түп негізін ностратикалық сөз қорынан іздегенде ғана толық мәнін ашуы мүмкін. 
Біз Қозы көрпеш атауының екінші компонентінен бастайық. «Көр» – түркі-моңғолда жиі кездеседі (Көрұғлы, Қорқыт т.б. түрлерінде). Негізінен тілшілер де, халықтық этимология да «көрді» нақты түсінеді, яғни адам қойылатын шұңқыр, мәйітке арнайы дайындалған орын. Шын мәнінде «көр»-дің түбірі шумер тіліндегі «көр (кур)» - таулы жер, ұлы жер, ұлы дала, оның тұрғындары деген ұғымды білдіреді. 
Сонымен бірге, «көр» аккад тілінен аударғанда «барса келмес» деген мағынанға жуық (сторона без возврата). 
Шумерлер де, аккадтықтар да Көр елінің қай жерде екенің ұмытыңқыраған. Бұл құбылыс қазақтың Жиделі Байсын деген ұғымына жақын келеді. Аккад есебі бойынша, егер көне Ниппурдан алсақ, (оны жер кіндігі деп есептеген) Көрге дейін 3600 сағат (екі еселенген). Көр – жеті қақпалы т.б. В.К.Афанасьеваның пікірі бойынша, «Көр» шумер заманының өзінде персонофикацияға, яғни кейіпкерлерге айналған ұғым. 
«Көрпеш» атауына негіз болған «көр» түбірін «Көрұғлы» сөзінен де кездестіреміз. Екі жағдайда да түпкі ұғымы көне тарихтың, дүниетанымының белгісіз, жұмбақ бір мәселерін нұсқап тұр деген пікірдеміз. 
Қозы – ұғымы тікелей мағынасынан алыс емес. Қозы – үнді-еуропалық тілдерде патшалық әулет, патша, билік деген ұғымдарға дөп келеді. Қазақта кең тараған Қазылық сөзіне бұл тұрғыдан патшалар мекені, қозғалыс орталығы деген мағына беру керек. Қазы – шүйгін жер, орталық, шұрайлы орта. Салыстырыңыз: «Қазылық – мал кіндігі» (Ә.Бөкейханов). 
«Қазы» қозыдан гөрі тереңдеу мағынаға ие. Мүмкін «қозы» Қазылықтың өкілі, шүйгін ортаның иесі, елшісі. «Қозы» – түпкілікті етістік, қозғалыс, тіршілікті білдіреді: қозғау, қозғалыс, қозу, қоза (от, адам, мал). 
Байана мен Қозы Көрпеш – ұғымдарының арасындағы тамырлы байланыс Э.Бенвенистің мына гипотезасын еске түсіреді: 
«Vazzaka» – прилагается также к “земле” – bumi, понимаемой в широком смысле как «царское самодержавное владение». Қозы Көрпештің Баян сұлуға деген махаббаты адамның Құдіретке (Құдайға) деген сезімі. Байана осы құдыретті күштің иесі, оның мекені Жер-Су, ондағы қасиетті әулие үңгірлер осы күштің жинақталған орындары. Қозы Көрпеш ол жалпы тіршілік иесі, рух кәусәрін аңсаған адам. 
Бұл жырдың өлмейтін көркемдік қасиеті — образдарының қуатында, әсерінде. Баян мен Қозы арасындағы тап теңсіздігі содан туатын жырдың негізгі тартысы қоғам өмірінің ұсақ сыртқы көрінісін емес, ішкі сырын, жұмбағын философиясын жинақтайды. 
Жырдың ең құнды жағы- тіл байлығында. Онда араб-парсы сөздігі мейлінше аз, жыр байырғы халық сөзінің мол лексикалық қорына негізделген. «Қозы Көрпеш» диалекті емес, қазақтың әдеби тіл нормасына жол салған эпостық мұраның бірі. Бұл үлгілердің тілі, өлеңдік кестесі, идеясы қарапайым халыққа жақын, түсінікті. 
«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры қазақ даласындағы барлық лиро- эпостық жырларға жол салған шығарма. Сол негізінде «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан», «Есім сері-Зылиха» сияқты көптеген ғашықтық жырлар туған. 
photo.jpg
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі
Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың ең ескі дәуірде шығарған жарқын, сәулетті аңыз әңгімесі. Бұлар жайында дастандар әртүрлі тілде кездеседі. Солардың ішінде әр дәуірде Қозы Көрпеш – Баян Сұлу туралы айтылатын орыс әдебиетінің үлгілері ерекше орын алады. 
Бұлардың аса көңіл қойып қарағаны – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың баяғы заманнан келе жатқан зират-мұнарасы – сәулетті етіп жасаған биік кешені. Ескі қазақтар ондай құрылысты «дың», «діңгек», «кешене» деп атаған. Олар Қазақстанның көп жерінде әлі күнге дейін сақталып келеді. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күмбезі Аякөздің  оң жақ жағасында, Таңсық деген ауылдың қарсысына салынған. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу аңызы бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аякөзге 4 сан қол (40 мың кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып, той жасайды. Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, екеуінің кескін - келбетін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың  өң-ажарын әдемілеп келтіреді (Радлов варианты). 
Жанақ ақынның жырлауынша 50 мың кісіні бастап келген – Айбас. Олар үшін көш жерден (90 километр) тас тасып, Аякөздің биік белесіне күмбез орнатады. Ол күмбез әлі тозған жоқ, оларды ұмыттырмай, артында белгі болып келеді. 
Халық аңызы бойынша Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күмбезіне  қалаған тасты басқа бір таудан әкелген. Тау мен Аякөз өзенінің екі арасына көптеген тайпалардың мыңдаған кісілері атпен тізбектелі шеп құрып, тасты бір қолдан, бір қолға беріп , жеткізіп тұрған.  
Жырдағы ең жарқын айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпештің кешені мен оның ішінде тұрған төрт мүсін тас. 
Жырда : 
Суреті Аякөздің тасында тұр, 
Қабыры екеуінің қасында тұр. 
Аякөздегі бұл кешен мен оның ішінде тұрған мүсін тастар ислам дәуірінен көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олардың шыққан кезі түрік  қағанатының тұсы. Яғни 6-8 ғасырлар шамасы. Мүсін тасты халық сол кезден ерекше қадірлеген, тастан қиып адамның суретін салу сол заманнан қалған. Кешендегі төрт мүсін тас – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында айтылатын бейнелерді кескіндейді. Олардың үшеуі әйел, біреуі жас жігіт: халық аңызы оларды Қозы Көрпеш – Баян Сұлу және оның апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері деп айтады. Бір ғажайып жері, бұл аттар мүсін таста сақталып қана қоймай, жер аттарына қойылғанында ескерген жөн. Сол жердегі тау – «Баян жүрек тауы» , Аякөзге құятын екі өзен – Айтаңсық, Айғыз аталады. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, халық ортасыны көп тараған терең сырларын сақтап келген, әдемі естеліктер деп түсіну керек.     
   
14.jpg
«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырындағы  Баян образы 

 

«Қозы  Көрпеш-Баян  Сұлу»  жырының  тарихымыздың  қай  дәуірінде  пайда  болғандығы  жөнінде  ғалымдар  әр  тарау  пікір  айтады. Ғалымдардың  бір  тобы  жырдың  пайда  болу  кезеңін  Жошы  дәуіріне  тіресе,  енді  бір  тобы  Ноғайлы  дәуіріне  телиді.  Үшінші  топтағы  ғалымдар  қазақ  хандығымен  байланыстырады. Қалай  десек  те,  қазақ  елі  2002  жылы  фольклорлық  мұраның  1500 жылдық  тарихын  атап  өтті.      «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»  дастанының  кейбір  деректерде  33 нұсқасының  бары көрсетіледі. Қазақ арасында әріден  келе  жатқан  бұл  жырды Сыбанбай, Бекбау,  Жанақ,  Шөже, Арыстанбай, т.б  ақындар  өздерінше жырлаған. Ең  көп  тарағаны  әрі  толымдысы  Жанақ  нұсқасы.  Туыстас түркі  тілдерінде де  жырдың  мазмұндас-сарындас  түрлері  сақталған.       Осыншама  ұланғайыр  дүниені  жинап,  жариялауда,  зерттеуде халқымыздың  төл  перзенттері  Ш.Уәлихановтан  бастап  Мәшһүр  Жүсіп  Көпеев, М.Әуезов,  Ә.Марғұлан,  Ә: Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Жұбанов, Р.Бердібай  өлшеусіз  зор  еңбек  сіңірді. "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” жыры-халқымыздың көне тарихынан жеткен  асыл мұра, әлемдік мәдени-тарихи құбылыс. Жыр тақырыбы- халқының әдебиеті, мәдениеті, тұтастай алғанда, руханияты төңірегінде тынымсыз ізденістерге бастайтын аса маңызды, мәңгі ескірмейтін тақырып. Поэманың тақырыбы- екі жастың бір- біріне деген адал сүйіспеншілігі. Сезімнің жоғарғы шыңы- махаббаттың жолындағы бөгет көбіне дәрменсіз екендігі өмір шындығы. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Қозы мен Баян заманның   қаталдығын, озбырлығын, мейірімсіздігін жеңіп, кездесті, азғантай уақыт болса да  ойнап- күліп бақытты өмір сүрді. Поэмадағы бас қаһарман Қозы жастайынан мейірімді де ақылды, ізгі ниетті адамдар арасында еркін өсіп, жан- жақты тәрбие көрген адал, ісі әділ, қайырымды, қайратты, намысқой, адал махаббат иесі ретінде ауыз әдебиетіндегі ескі варианттар ізінен бұрылып, келешек ұрпаққа үлгі боларлық тәлімі бар, қимылы, ісі нанымды бейне ретінде, қарапайым адам қалпында, шындық болмысқа сай алғыр азамат ретінде суреттелген. Оның бойында әкеден жалғасқан намысшылдықтың, игі дәстүрдің арнасы бар. Әкесінің бастаған  ісін аяқтау, әкесі өлгеннен кейін бұзылған заңдылықты қалпына келтіруді өзіне перзенттік парыз санаған Қозының бейнесі жырда сұлу Баянмен толыға түседі. Баян Қозыға ғашық болып, оны өзіне жар тұтады. Халықтық салт аясында өскен Баян Қозының жеке басын қадірлейді. Оқырман қауымға кеңінен таңылған Жанақ ақын жырлаған вариантындада кейіпкерлердің ерекше жағдайда дүниеге келу мотиві  ұшырасады. Жырда: Қодар қыз әкесі Қарабайдың өз аузынан: Сен шөлдетпей малымды алып өтсең, Ақ Баянды    беремін, саған Қодар,- деген уәдесін алады. Жыршы поэмада Қодар мен Баянның портреттерін  қарама қарсы, қоя суреттеу арқылы Баянның оқырманына сүйкімділігін арттыра түседі. Жырда Қодар: Өзінің денесінің молын қара, Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай,- деп суреттелсе, Баянның суреті: Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз, Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз,- деп беріледі. Жырда Баянның жасы он төртте деп беріледі. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашты, меруерт тісті, аузынан сөйлесе, гүл төгілген Баянның көңіл- күйін  "Аңда- санда болмаса сөйлеспейді, жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар” деп суреттеудегі себеп- сүйгенін сарыла күткен Баянға берілген осы баға басқа кейіпкерлердің сөздерімен де, Қозының өз көзімен де , Баянның өзінің іс- әрекеттерімен де расталады. Оның сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез- құлқы да, қимылы да сай. Баян өте ақылды, байсалды, төзімді, сабырлы қыз. Құдай қосқан жарын сарғая күтіп, зор шыдамдылықтың үлгісін көрсетеді. Өзін іздеп  келген Айбасқа сыр бермей, оны байқап, бақылап нағыз Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, өзінің сырын ашпайды. Баян сұлу- өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар арудың бойына қазақ әйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол- сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор әйел. Қарабай елінде тазша кейпін киіп, қойшылықта жүрген Сарыбайдың еркесін таныған Баянның сүйгенін көруге тағат таппай, қуаныш пен ынтызарлықтан бір жерде дамыл таба алмай дегбірсізденуін сыртқы іс- әрекет, қыздың мазасыз қимыл- қозғалысы арқылы береді. Бата алмай оятуға Қозекеңді, Түнде үш келіп, үйіне үш тоқтайды. Осы жолдарда қанша сезім арпалысы, ішкі толқулар бар! Баян бейнесін сомдауда- заттық әлем мен киім де өзіндік қызмет атқарады. Шығармада қолданылып, көркемдік кеңістікті құрайтын заттың жиынтығы арқылы тарихи кезеңнің өзіндік болмысын, дәуір сипатын, ұғым- түсінігін тануға мүмкіндік береді. Тарихи шығармаларда өмір шындығының дәлдігі, нақтылығы, кейіпкерлердің тұрмысы, киім киісі, ұстанған заттары,   т. б.  арқылы танылатындықтан, сол кезеңмен сәйкес болуы ерекше қадағаланады. "Қозы Көрпеш- Баян Сұлу ” эпосында да заттар әлемі өзіндік өрнекпен ерекше бейнеленген. Әсіресе,  заттар әлемінің поэтикасы терең мән- мағынаға ие. Мысалы, Айбас батырдың: -Балталы, Бағаналы   елден келдім. Бақалы, балдырғанды көлден келдім. Сіздерге күмән шығар,- өзіме аян, Елімнен  іздеп келген келінім- Баян,- деп Баян ауылына барып келуін дәлелдейтін заттардың жеке- жеке баяндалуы- соның айқын айғағы. Жырдағы: Сәлем де ініңізге іздеп келсін, Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін, Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда. Айтқанды тон, жүзігім белгі болсын,- деп жырланатын жолдар қазақ қоғамындағы    сүйгеніне қосылу үшін ата жолының қатал заңына қарсы шығып, қайсарлығымен, өжеттігімен  көрінген жаңашыл қыздардың бейнесін береді десек, "айтқанды тон, жүзік, тоғыз”- сол кезеңнің тұрмыс- салтына тән дәстүр, сый, сияпат. Сол  кезеңнің сипатын танытатын заттық, көркемдік детальдар. Ал Баян бейнесін бұл құбылыстан бөлек алып суреттеу тіпті  де мүмкін емес.     Бұл   дәстүрдің санаға сіңіп, таным – түсінікке әбден тереңдей  еніп, қалыптасқаны сонша, ер- азамат Қозы да сол әшекей заттарды сұрап,  Айбастан куәлікке керек етеді. Бұл заттық детальдар тұрмыстық  қажеттілікке жарайтын қарапайым қызметті емес, қыз  сезімін  танытар символдық  көркемдік міндетін атқарып тұр. Қарапайым заттарға  эстетикалық , көркемдік құндылық  дарытып, оларды  ел – халық  тарихында топонимикалық  аңызға айналдыру, т.б. секілді құбылыс ақындық  шеберлік болып табылады. Айбас алып келе жатқан сәлемдеме – заттардың жол –жөнекей түсіп қалуы топонимикалық  аңыздардың дүниеге келуіне себеп болады. Оқып көрейік: Көктаймен батыр Айбас төмен шапты, Қыздың берген белбеуі түсіп қалып, «Қызыл белбеу, Құбажан» қоя сапты ... ... Қыздың  берген мейізі түсіп қалып, «Мейізгек» деп тау атын қоя сапты... ... Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып, «Қарқаралы тау атын қоя сапты ...» ,– деп, осылай әрбір затқа бір атау қойылып кете береді. Ойлап қарасақ, осы топонимикалық  атаулардың пайда болуы бір кезеңдегі жыр кейіпкері Баян басынан кешкен оқиғамен тығыз байланысты. Эпикалық жырда сөз болған бұл заттар тек махаббат серті-символдық қызмет ғана емес, тарихи орны бар жер, су, ел  атауларының да есімі болып, топонимикалық  та, көркемдік те қызмет  атқарып тұр. Мұндағы тазша кейпі қажеттілікпен  басқа да қызмет атқарады. Поэмада  Қозы  Баян аулына қойшы – тазша  болып, соның  кебін киіп, түрін өзгертіп келсе де, бұл ісіне көпке дейін көңілі толмай, намыстанып жүреді. Сағына күткен ғашығын осылайша тазша кейпінде көрген Баянның бұл көрініс  жанын қатты ауыртады. Алайда Қозының сақтығын, амандығын ойлап, тазша кебін қайта кигісі келмеген Қозыға. Киіңіз  кебіңізді арланбаңыз, Осылардан басқаға сыр бермеңіз, Кішіліктен еш нәрсе  кемімейді. Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, дейді. Европалық әдебиеттерде жиі кездесетін масканы жыршы ұлттық  болмысымызға  сай, ұғым – түсінігімізге лайықты етіп жырға қосады. Шыршы  Қозының сырт тұлғасы, кейпі өзгергенмен оның жалпы азаматтық кескін – келбетіне нұқсан келтірмейді. Қайта Қозыға   тазша кейпін кигізу арқылы Баянның образын, оның ақыл – парасатының молдығын аша түседі. Баян тек көркімен ғана сұлу емес, ақылымен, ерлігімен де  сұлу.  Жоғарыдағы  үзіндіде  Баян, біріншіден, Қозыны дұшпанынан сақтандырса, екіншіден, кішілік  - адамгершілік  қажет  екенін  аңғартады. Ол ақылымен  тоқсан  байдың серісі мен қара күштің ғана иесі Қодарды маңына  жуатпайды. Жырда бұл көрініс  былайша берілген; Қара  көзін  қан басып  қарағанда, Маңына жоламайды, Қодар үркіп. Сондай – ақ жырда заттық деталь Қозы Көрпештің  Қодарды ықтырып алатын құралы ретінде де танылады. Мысалы; - Кетіп ең дардай болып сен мақтанып, Кәнеки, өрік, мейіз әкелдің  бе? деп сөзіне тұрмаған  Қодарды мазақ  етудің,  қорлаудың, намысына  тиюдің пәрменді құралы  еткен өрік, мейіз өзінің  көркемдік міндетін мінсіз атқарабілген.  Сондай-ақ бұл жырда  сыртқы іс - әрекет, қимыл  - қозғалыс динамикасы арқылы сол сәттегі кейіпкердің көңіл – күйін, құлшыныс  мақсатының мән – маңызын да ашып береді. «Баянды  беремін, малды шөлден алып шықсаң», - деген уәдесін алып алған  Қодардың қуаныштан бар күш – қайраты тасып, сенімдіктің  артқанын  аңғартады. Сол күндегі жанардан Қодар  асып, Мінезіне   қайраты құп жарасып.  Қодекең шауып жүріп қимылдайды. Аямай бедеуіне қамшы  басып. Одан әрі осы көңіл – күй әсерінен Қодардың  психологиялық  портреті  ерекше көтеріңкі пафос, үдемелі әсірелеу, теңдеулер  арқылы бейнеленеді.  Әр шумақ сайын Қодардың бейнесі толығып, ерекшелене сомдалады . Ал, оған қарама- қарсы кейіпкер Баянды. Аппақ көрік маңдайы, қылығы наз, Малың  түгел басыңды берсең – дағы аз, - деп қыздың  сұлулығына ештеңе  тең келмейтіні  баяндалады. Мұнда  Баянның сұлулығына  ғана емес, оның асқан ақыл-ойы, парасаты алдыңғы қатарға шығады. Осындай кейіпкерлердің іс -әрекеттері, қимыл – қозғалыстары  арқылы олар туралы мәліметтер толыға түседі. Олардың сөйлеу мәнері, моциялық  диапазоны, көптеген  портреттік  белгілері оқиға  өрісіне  қарай өсіп - өніп отырады. Бұлардың  бәрі психологиялық  портрет  галереясын құрайды. Жырда алғаш  Қодар  Баянды  шын ұнатқан, қыздың көңілінен шығу үшін барын салатын, көкірегін бәсеке мен қызғаныштың  жалыны  шарпымаған ақ көңіл, көпшіл, еңбекқор жан болып суреттеледі.   Бетке жан қаратпайтын  Қодардың мысын  басып, тоқтау болар жалғыз жан – Баян. Баянның күліп айтқан бір жылы  сөзі үшін, құрбандыққа шалынуға дайын намысқой Қодар бейнесі үлкен шеберлікпен берілген. Осы бірсөздері, біртоға  Қодардың қолын қанға  малатын бейненің  дәрежесіне дейін өсу жолы  Баян бейнесімен қатарласа оріледі. Жырда өз сезімімен арпаласқан Қодар ақыры  Қозыны өлтіріп тынады. Бірақ Қозыны өлтіргенмен Баянның Сарыбай баласына деген махаббатын өлтіруге шамасы жетпейді. Қозының кегін алмақшы болып Баян Қодарды Шоқтерекке айламен алып барып өлтіруінен Қодардың аңқау, аңғалдығын көрсек, екінші қырынан Баян не істесе де қарсы келе алмайтын сүйген жүрек иесінің характері байқалады. Атаңа сіңіспейді адал күшім, Құл болдым есігіңе сенің үшін. Ертеден қара кешке қылсам дағы, Бір аллаға жақпады менің ісім. Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян, Әке- шешем жылатып келдім Баян. Тіл ұшымен мені сен жақын қылып, Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян деген сөздерден Баянның ісін- ақ, сөзін- әділ көрген аңқау Қодарды көреміз. Қодар Баянға сеніп өледі. Ал Баян болса, айласын асырып, Қодардан кек қайтарады. Егер Қодар бейнесі болмаса, Қозы мен Баянның махаббаты жоғары деңгейдегі ақ, пәк махаббаттың символына айналмас еді. Қозының кегі үшін Қодарды өлтірерде Баян сұлу айтқан мына сөзден қайсар қазақ қызының бірбеткей, өжет те өр мінезі айқын байқалады. Әкеме сіңіп  еді сенің күшің,    Құл болдың есігіме менің үшін. Шоқ белбеу, алтын айдар  мырзам қайда, Шұнақ құл өлтіремін соның үшін. Міне, осылайша жырдағы Баян образы жан- жақты сомдалып, оқырманға жақындай түседі. Баян бейнесі қазақ мәдениетіндегі әдеміліктің, ақылдылықтың, парасаттылықтың, тұрақтылықтың айнымас  үлгісі.   

 

adebiportal.kz
Мақаламен бөліс

Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив