РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Баяндама, мақала / Тақпақтар / Шығарма, эссе / Өлеңдер
18 ақпан 2018
376
0

Тыныштық сақшылары

Тыныштық сақшылары


Мешітбай Құттықов – Қазалы ауданы Бозкөл ауылының перзенті. 1951 жылы Қазалы ауданындағы Максим Горький атындағы орта мектепті (Қожабақы ауылындағы №25 орта мектебі) бітіріп шығады. Қызылорда педагогикалық институтын тіл-әдебиет мұғалімдігі мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін, аудандық білім бөлімінде инспектор қызметін атқарады. Бұдан соң екі жылдық әскер қатарында болып, автомобиль әскерлерінің кіші лейтенанты дәрежесінде запасқа шыққан. Мешітбай Құттықов сол кезгі аудандық партия комитетінің жолдамасымен ішкі істер саласына қызметке жолданады. Милиция майоры М.Құттықовтың саналы өмір жолы ішкі істер саласының қызметімен байланысты. М.Құттықов өзінің еңбек жолында Қазалы және Арал аудандарының мемлекеттік автоинспекциясында басшылық қызметте болды. Ақын. 1977 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өткен. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қаламгер, қоғам қайраткері Мешітбай Құттықов – «Құс жолы», «Ар-намыс», «Қайырлы түн», «Сапар», «Арал аспаны» атты жыр жинақтарының және «Аяқталмаған ән», «Қайдасың, Арал?» атты прозалық кітаптардың авторы. 1971 жылы Қазақ ССР-ы Ішкі істер министрлігі жариялаған республикалық конкурста «Бетпе-бет» атты поэмасы арқылы бірінші жүлдені жеңіп алып, арнайы дипломға ие болған М.Құттықовтың азаматтық үнге толы өзге де негізгі поэзиялық, прозалық және публицистикалық шығармаларымен қатар, өз саласы – ішкі істер саласы қызметкерлерінің өміріне арналып жазылған өлеңдері де аз емес. М.Құттықовтың ішкі істер саласы қызметкерлерінің өміріне арналып жазылған өлеңдері мектеп және арнаулы орта оқу орындары қабырғасындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесінде жасөспірім санасында мемлекет және құқық теориясында баян етілетін құқықтық сана, құқықтық тәртіп, құқықтық мәдениет ұғымдарын қалыптастыруда да, салауатты өмір салтын орнықтыру және рухани-адамгершілік тәрбиесінде де елеулі қызмет етіп тұрады.


    Ей, жолаушы!


Ей, жолаушы, ойланыңыз енді сіз,
Кей істер бар қылмыстарға бергісіз.
Қарулыдан бетер кейбір мас шофер,
Қашан мерт қып кететіні белгісіз.

Мас шоферге жол теңіздей телегей,
Салдыр-күлдір, ой шұқырды елемей,
Бұрылыста аунап барып қайтады,
Тайдай толқын тарпып соққан кемедей.

Бір шофердің қылығынан санасыз,
Жолаушылар есі кетіп шарасыз.
Байқамаса бірер секунд өтпей-ақ,
Бала әкесіз, ана қалар баласыз.

Ей, жолаушы, ойланыңыз енді сіз,
Мұндай істер қылмыстарға бергісіз.
Ішіп алған шофер де бір дұшпаның,
Қашан мерт қып кететіні белгісіз.


        Тергеуші


Өтті түндер бір-бірімен жалғасып,
Ұйқы да жоқ,
Ажарыңнан қан қашып,
Қақтығыста қимыл баққан әтештей,
Қылмыстымен отырасың арбасып.

Ойланасың әлденеге, бейжайсың,
Қағазыңды көңілсіздеу жинайсың.
Жауапкерді алып кетті бөлмеге,
Сен отырсың,
Өзіңді-өзің қинайсың.

Ұйықтамайсың,
Күндізгінің бәрі есте,
Көз алдыңда - жас жұбайлар,
Нәресте.
Демалсаңшы бүгін істі бітіріп,
Айыбына қол қойдырдың емес пе?

Білем,
Білем…
Өзім ғана түсінем,
Тебіренсең терең ойдың күшімен,
Адам үшін іздейсің-ау
Бір жарық,
Көмескі бір бөлмелердің ішінен.


 Кезекшінің тілегі


Қала да, дала-дағы аман болғай,
Қаперсіз ұйықта, елім, алаң болмай.
Жұбайлар шыққан күліп пәтерінен,
Сау болғай машинаның қатерінен.

Аздап іш, кездессе де бұрқырап той,
Аязда тоңып қалу мүмкін-ақ қой.
Адамның көңілін жайлап жыр байтағы,
Ашуды ақыл жеңіп тұрғай тағы.

Жас жігіт махабаттың құшағынан
Шыққанда, сақта ажал пышағынан.
Тыныштық айдың көңіл аққуындай,
Тыныштық шағаланың шаттығындай.

Айдынның ойран түсіп ортасынан,
Аққуым жатпағайсың шалқасынан.
Осынау ұлан-ғайыр тілекпенен,
Білмеппіп тағы да бір күн өткенін.


Мен өзім қиын жанмын


Мен өзім сен түсінбес қиын жанмын,
Құрыштай қиындықтан құйылғанмын.
Адамның ар-намысын қорғау үшін,
Жолдарды айқыш-ұйқыш шиырладым.

Жай кезде сенің мына өзіңдеймін,
Өзімді біле алады өзімдей кім?
Түн рахатын көрсін деп замандастар,
Таң атқанша тыным ап, көз ілмеймін.

Бір күн болса жақсы ғой көз ілмеген,
Жан ұшыра телефон безілдеген.
Жүгіремін өкпемді қолыма алып,
Төмпештеп-ақ келемін өзімді мен.

Сәске түсте қағып күн көктен күлім,
Паш еткенде дүниенің кеп-кеңдігін.
Сол бір түннің, достым-ай, сен білмейсің
Бір жасымды кемітіп кеткендігін.

Салтанатты тойда сен шен алғанда,
Сен мені көре алмайсың ең алдан да.
Күнәдан пәк періште - жас баладай
Не жетсін ойсыз жатып демалғанға?!

Қабылдап әр адамның өтінішін,
(Кей қиянат, ал кейде жесір ісін.)
Өз тағдырын ойламас біз бір жанбыз,
Басқалардың риза боп кетуі үшін.


Деректер негізінде сайтқа ұсынған:

Ғабиден Қожахмет

Мақаламен бөліс

Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив