РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ ПОРТАЛЫ
Баяндама, мақала / Шығарма, эссе / Слайдер
14 қаңтар 2018
619
0

Мұғалім қыз

Мұғалім қыз
         (әңгіме)

Ғабиден Қожахмет Қазалы ауданында туып-өскен.
Қызылорда мемлекеттік университетінде "қазақ филологиясы" және "заңгер-оқытушы" мамандықтары бойынша білім алды.

"Мұғалім дегеннің өзі бір зейнетінен бейнеті көп,соры қалың мамандық қой".Осы сөзді дәп басқа емес,мұғалімнің өзі айтар еді.Мұғалім әлгі сөзді жанында отырған,яки дәрігер,яки инженерге қаратып айтар.Су жаңа техниканың әлдебір сырт ете қалған жерін уайымдап отырған инженер де,болмаса ертеңгі жасайтын күрделі операциясының жайын ойлап отырған дәрігер де бұл сөзге аса мән бере қоймас. "Құдайым-ау,мен кімге айтып отырмын,-дейді мұғалім екі алақанын жайып,-мен сіздерге мұғалім дегеннің өзі бір бейнеті көп те,зейнеті аз соры қалың мамандық деп отыр емеспін бе?" Инженер де,дәрігер де дәл осы сәтте ұйқысынан оянғандай болар,әдеттегі адамның сұхбаттасын қошуақ көңілмен мақұлдай салатын қалпына басып: "Иә,солай",-деп қалар.Сол сол-ақ екен,бәлеге басы мұғалімнен қалсын. "Ау,сіздің мұныңызға жол болсын,-дейді мұғалім тағы да екі алақанын жайып,-ұстаздан жамандық көрген жеріңіз бар ма,өзіңіз де сол ұстаздың алдынан шықтыңыз емес пе? Сіздің мамандығыңызға деген құрметім шексіз еді ғой,көңіліңізді қалдырған жерім болып па еді тегі".Енді инженер де,дәрігер де мұғалімге аңтарыла қарайды. "Ау,өзіңіз айтып,өзіңіз қойдыңыз емес пе?"-деуге тағы бір әңгіменің шиін шығарып алармын деп қаупалақтар. "Сіздің кешірім сұрау ойыңызда да жоқ қой,-дейді мұғалім ренжіген кейіппен,-былай мәдениетті адамдарға тән кешірім сұрай салсаңыз қайтеді". "Кешіріңіз",-дейді дәрігер қызарақтап. "Ғафу етерсіз",-дейді инженер де ыңғайсызданып.
Анығында бұл сөзді тек мұғалімнің өзі ғана айтатындығында еді,өзгелерге айтқызбас.
"Қызық жандар өздері"-деп ойланып келе жатты мұғалім қыз осы есіне түскенде.Мұғалім қыздың оқу бiтiрiп,мектеп табалдырығын ұстаз болып аттағаны биыл ғана еді.Әуелгі аңсар арманы басқа,мүлде басқа мамандық болатын. "Мұхиттанушы болам ғой"-деп ойлаған.Су асты тіршілігіне қатты қызығушы еді,балықтар мен балдырлардан сыр ұққысы келетін.Теледидардан "Сырлы әлем" деген бағдарламаны жібермей көруші еді,қалаға ағасының үйіне барғанда да,айналшықтап аквариумның жанынан шықпас. "Қайдағы мұхиттанушы,-деді әкесі мұны естігенде,-ауылдың маңында көзге көрініп тұрған мұхит бар ма еді,тіпті жарқырап жатқан көл де жоқ қой.Теңіздің тартылғаны анау.Айналайын мына дария болмағанда кенеземіз кебер.О,жарықтық,Сыр-Ана!"-деді әкесі тебіреніп.Сосын қызына қарап отырып: "Мұғалім боласың",-деп бір-ақ кескен.
-Осы мұхит деген әлгі мектептегі карта бетінде болмаушы ма еді,-деді әкесі сосын шешесіне қарап.
-Иә,сонда болушы еді ғой,-деді шешесі шай құйып жатып,-неше мұхит бар еді өзi,құдай-ау,ұмытып та қалдық қой,төртеу ме еді,бесеу ме еді?
-О,құданың құдіреті,-деді әкесі маңдай терін сүртіп жатып,-сонда алақандай жерді көл-көсір су қоршап жата ма? Асқақтаймыз келіп.Жаратқан иеміз қаһарына мінсе,қара жерді топан суға қас-қағымда шайдырар.Ертең құдайы нан пісіріп жіберші,-деді тағы да шешесіне қарап,-әруақтарға құран бағыштап жіберейін.Бұл іштей жымиған.
Әкесі мұны тым алысқа кетсе,мұхит жағалап кетер деді ме екен,облыс орталығындағы мұғалімдер дайындайтын оқу орнына оқытты.Соны бітіріп,мектебіне ұстаз болып оралып тұрғаны осы еді.
Мектеп басшылығы бұған кезінде өзіне сабақ берген аға ұстазды тәлімгер етіп бекіткен. "Үйретіңіз,-деді аға ұстазға,-баулыңыз,тәжірибеңіз мол жансыз". Директор байырғы ұстаздың атына біраз-біраз жылы сөздер айтқан сол жолы.
Апайының мінезі қызық жан еді.Бірде оқушылар әлдебір кеш өткізгенде,апайының жас кезіндегі суретін көріп қалған.
-Апай,мынау сіз бе?-деді мұғалім қыз суретке таңдана қарап.
-Ұқсамай тұрмын ба?-деді апайы жымиып.Сосын суретті қолына алып қарады да:
-Студенттік шағым.О,ол кезде Алматы қандай еді,Алматы ән салып тұратын,иә,иә,тұп-тура ән салып тұратын.Вокзалдарда,студент жатақханаларында,кештерде ән шырқалып жатушы еді.Қалай еді,әлгі бір ән бар еді ғой: "Көшеде сырласып,шалқып басып,құрбылар барады қолтықтасып..." Апайы мұны қолтығынан алды:
-Дәл осылай болатын.Сырласып...Шалқып басып...Иә,осылай.Романтика.Жігіттердің бәрі өнерлі еді,домбырамен,гитарамен кештерде ән салатын.
-Сендер кештеріңде ән саласыңдар ма осы?-деді апайы бұған қарап.
"Біз билейміз,-деді қыз іштей жымиып,-бидің түбін түсіреміз".
-Ал біз вальс билейтінбіз,-деді апайы мұның ойын оқығандай.Классика.Міне былай,-деді сосын мұғалім қыздың белінен ұстап.Осылай.Шыр көбелек айналатынбыз.Ырғақпен.
Мұғалім қыз апайының мінезіне жымиды.Ал бұларда апайы айтқан романтика болды ма? Есіне қара баланың өзінің соңынан жүрегін қолына алып жүгіретіні түсті. "Тоқташы,-дейтін қара бала,-сәл кідіре тұршы!" Қыз артына бұрылып қарағанда,қара баланың алақанындағы жүрекке көзі түсер.Лүп.Лүп.Лүп.Қыз жүрек жігіттің алақанынан жерге сусып түсіп кетер деп қатты шошынатын.Қара бала бірде жүрекке мұның атын жаздырып әкеліпті.
-Қалай жаздырдың?-деді қыз таңданып.
-Арнайы шеберге,-деді қара бала.Қыз күрсінді.Қараторы жігіттің қолынан ұстады.Сонан-соң:
-Дос боп қалайықшы,а,-деді жігітке қиыла қарап,-жақын досым боп қал.Енді қара бала күрсінген.Қыздың өзін сүймейтінін түсінді.
Қыздың көңілі аққұба жігітте болатын.Көздері күлімдеп тұратын,бұйра шашты,әзілқой аққұба жігіттің маңайынан қыздар үйіріліп шықпаушы едi.
"Аққұбаның жүрегі қырық бөлікке бөлініп кеткен шығар,-дейді қыз,-жүректің бүтін күйінде алақанда тұрғанына не жетсін,әй".
-Сенің маңайыңнан неге осы қыздар үйіріліп шықпайды?-дейді бұл аққұба жігітке.
-Ал маған қайт дейсің,-дейді аққұба,-олар дос қыздар,мен енді оларды маңайымнан жүрме деп қуып жібере алмаймын ғой.
-Өтірік айтасың,қайдағы достар? Қыз бен баланың арасында достық болмайды.

Дипломын алып ауылға аттанарда,аққұбаға уәдесін беріп аттанған.Содан кейін үзбей хабарласып тұрушы еді.Екеуі өткенде қатты сөзге келіп қалды.Осыдан соң аққұба хабарсыз.Қыз әуелде елегізіп жүрді.Жігітті хабарласар деп күтті.Бірақ жігіт тым-тырыс қалған соң: "мейлі,-деді ішінен,-хабарласпай-ақ қой,маған бәрібір". Осылай десе де,көңілі байыз таппаушы еді,дәл сол уақытта сыныбын мектепішілік сайысқа дайындау қарбаласы киіп кетті.Сол жолы сыныбы айды аспанға шығарып,бірінші орын алған.Қатты қуанды,алғашқы жеңістің дәмі тәтті болатынын ұқты."Апай,апай!" Оқушылары мұны үйіріліп қоршап алған,жеңістеріне қуанады."Бұлар осылай қуанады,-деді мұның жанына келген апайы,-қуанса да шынайы қуанады,ренішін де жасыра алмайды,өкпелесе де шынайы өкпелер,бұлар осындай ғой.Біз ғой,үлкендер,ренжіп тұрып та жымия аламыз". "Расында да үлкендер неге солай?"-деді қыз.Шәкірттерінің жанарына көзі түсті.Тап-таза,мөп-мөлдір едi."Мүмкін осы бір тазалық үшін де мұғалім болуға болатын шығар?" Мұғалім қыз ішінен осылай ойлады.
Апайы сол жолы ұзақ-ұзақ әңгіме айтқан.
-Қаншама шәкірттер тәрбиеледім,-деді апайы,-қаншама еңбек сіңіресің.Кейде сол еңбегің ұмытылып та кететін секілді.Өткенде бір шәкіртімді көрдім,-деді сосын сөзін жалғап,-ол ұшқыш қой,шетелге жолаушылар таситын ұшақты басқарады.
"Айналайын-ау,деймін шәкіртіме қарап,осы сендер әуеге көтерілсеңдер,жерді ұмытатындарың қалай? Мектептеріңді ұмытпасаңдаршы".
"Ұмытпаймыз ғой,-дейді шәкіртім жымиып,неге ұмытайық.Есімізде жүресіздер". "Әлгі ұшағыңды мектептің маңайына қондыра қойшы,-деймін.Сөйте ғой,мен әлі де шәкірт тәрбиелеп жатырмын ғой.Соларға көрсетіп бір мақтана қояйын.Мен тәрбиелеген шәкірт деп айтайын.Қондыра ғой да,ұшқыш формаңмен түсіп келе жат.Көрсін жұрт шәкіртімнің қандай екенін.Әлде қона алмай ма,мүмкін ол үшін арнайы алаңқай керек шығар,әлгі балалардың футбол тебетін алаңқайына қондыра ғой". "Қондырамын,-дейді шәкіртім,-міндетті түрде сіз үшін қондырамын".
-Осы кейде еңбек демалысын алғанда,алыс-алыс бір жерлерге қыдыра да алмайсың,-деді апайы бұған қарап,-күйбеңдеп ауыл маңынан ұзап шыға қоймайтыныңды қайтерсің.Әй,бір қыдырармын-ау дейсің,қас қылғандай шаруаңның бәрі дәл сол кезде бас көтереді.Сөйтіп жүргенде мектеп жақтан әлдебір қоңырау даусы естілер. "Бұл не?"-дейсің басыңды көтеріп. "Ойбай-ау мектепте алғашқы қоңырау қағылып жатыр емес пе?" Сонда барып жаңа оқу жылының келіп қалғанын ұғасың.Жаңа оқу жылына киім дайындамағаның да есіңе түскенде,көңілің құлазиды.Ал былтырғы киіміңді киіп баршы,былтырғы бағдарламаңды қайталап тұрарсың."Апай,біз бір сынып ілгерілеп кеттік қой,-дейді шәкірттерің жымиып,-сіз былтырғы бағдарламаны қайталап тұрсыз".
"Мен тек байланыс болсын деп айтып жатырмын",-дейсің ұялғаныңды білдірмей.Соның бәрі жаңа киім алмағанның кесірі.Әрбір жаңа оқу жылын жақсы жаңалықтармен бастағанға не жетсін,әй.Сонан соң сөзді басқаға аударасың: "Құдай-ау,қалай тез өсіп кеткенсіңдер,бірінші сыныпқа келгендерің кеше ғана емес пе еді,тіпті кейбіреуің жылап келгенсіңдер". "Ондай оқиға болмаған,-дейді шәкірттерім,-ешкім де жылаған емес". Ұялады,өздерін қыз-жігіт боп қалғандай сезінеді.Биыл еңбек демалысын алсам,қалай да қыдырамын,ел көрейін,жер көрейін.Тіпті әлгі шетелдің өзіне тұп-тура тартып кетсем қайтеді.Онда да біз сияқты екі аяқты,жұмыр басты пенделер тұратын шығар.Шәкіртімнің ұшағына отырайын да,тартып кете қояйын.Ұшақтың баспалдағынан найқала басып түсіп келе жатайын.Көрсін олар да мұнда ұстазды шәкірттің қалай құрметтейтінін. Апайы дәл сол сәт шетелдің әуежайында тұрғандай алабұртып тұрды.
Ал мұның көз алдына аққұба жігіт елестеген. "Қалаға алып кетемін",-деген өткенде екеуi сөйлескенде. "Шәкірттеріме әбден-ақ бауыр басып қалған сияқтымын,-деді бұл,-тіпті қимайтын сияқтымын". "Сыныбыңмен қосып алып кетемін".Аққұба жігіт қарқ-қарқ күлді. "Жынды неме,-деген бұл,-мұғалім мамандығы саған ойыншық емес". "Ұстаз бола қалуын,-деді аққұба жігіт тағы да сақылдай күліп,-апай дейін бе?" "Соның бәрі өткінші екен-ау". Тамағына ащы өксік тығылғандай болды. "Махаббат деген жоқ.Бәрі де әшейін нәрсе"-деді қыз.
Расында да уақыттың өтпелі екендігі шындык.Мұның да мұғалім болып мектеп табалдырығын аттағаны күні кеше ғана сияқты еді.Енді міне оқу жылы да аяқталып қалыпты.Биылғы мектеп бітіруші түлектерді апайы бітіртеді.
-Осы соңғы сыныбым шығар,-дейді апайы.Жылда айтамын осы сөзді.Жастар алсын,жастар жұмыс істесін,-деймін.Мектеп басшылары табандап отырып алады.Тәжірибелі мұғалімсіз дей ме,үлгілі ұстазсыз дей ме? Жоқ,енді жастар жұмыс істесін.Ұмытып кетеді бұлар бәрібір.Әуеге бір көтеріліп алсыншы,бәрін ұмытады да жүре береді.
Апайы соңғы қоңыраудың дайындығына мұны да тартқан.Түбіт мұрт бозбалалар бұған қалжың айтқысы келе ме немене?
"Көрсетермін сендерге қалжың айтқанды,-деді мұғалім қыз ішінен,-мен ұстазбын,біліп қойыңдар!" Өзін ұстазбын деп атағанына іштей жымиды.
Апайы: "Бүгінгі дайындық-соңғы дайындық",-деген.Ал ертең-соңғы қоңырау. "Үнемі осылай жүгірерсің,-деді апайы,-гүл,музыка,сценарий деп жүгірерсің.Шақыру билеттерi.Ешкімнің көңілін қалдырғың келмейді тіпті.Ал сонан-соң бәрі де ұмытылады". "Ұмытпайтын шығар,-деп ойлады мұғалім қыз,-қалайша ұмытылады?" Көз алдына жанары жайнаған өз шәкірттері келді.Бейкүнә еді тіпті көздері. "Ұмытпауға тиіс",-деді қыз ішінен.Өткенде аққұба жігітке де осылай айтқан: "Көрерсің,олар мені ешқашан да ұмытпайды,бұл мүмкін емес",-деген.Осы жыл өзін есейтіп жібергендей сезінді."Тамаша шәкірттер таптым,-деді қыз,-тек махаббаттың алдамшы болғаны болмаса".
Үйіне келді.Сөмкесін үстел үстіне қойды да,iшінен ұялы телефонын алды.Мана соңғы қоңырау дайындығы кезінде өшіріп қойған еді.Телефонын қосқанда көзіне таныс нөмір оттай басылды.Бес мәрте қоңырау шалыпты. "Телефон соғыпсын ғой ақыры,-деді қыз нөмірге қарап тұрып,-мейлі,соға бер,мұның маған қатысы қанша,он мәрте,тіпті жүз мәрте қоңырау шал.Ал мені селт ете қояр деймісің". Телефонды үстел үстіне немқұрайлы түрде қоя салды.Отыра беріп,қайта қолына алды. "Соқсаншы енді,-деді қыз,соқ қане!" Саусағымен телефонның беткі әйнегін ақырын шерткіледі. "Жарайды,-деді сонан соң,-қаласаң соқпай-ақ қой". Телефонды үстел үстіне қоя салып,қайта қолына алды да,жігіттің нөмірін қайта жазып сақтады.Өткенде өшіріп тастаған.Ұмытармын мүлдем деген,бірақ көңілінен өшіре алмай қойғаны.Сонан-соң әлгі нөмірге арнайы әуен қойып жатқанын аңғарды. "Неменеге әспеттеймін мұны,ә,-деді қыз,-кім еді бұл сонша?" "Мейлі,тұра берсін"-деді сонан-соң.Ең жақсы көретін әуені еді.
Есіне апайының: "Бұлар бәрібір ұмытып кетеді ғой",-деген сөзі түсті.Көз алдына аққұба жігіт елестеді: "Сыныбыңмен қосып алып кетемін". "Қандай бала болдың екен?-деді қыз жымиып,-қолды-аяққа тұрмайтын біреу болған шығарсың? Апайларыңды әбден-ақ шаршатқан боларсың-ау". "Сені тәрбиелеу керек,-деді сосын,-мен-ұстазбын! Егер,-деп кідіріп қалды,көкейінде: "саған тұрмысқа шықсам...",-деген сөз бар еді.Осы кезде үстел үстіндегі ұялы телефоны безілдеп қоя берсін.Бұл ұшып түрегелді. "Алсаңшы",-деді ішінен бір дауыс.Үстел үстіндегі ұялы телефон жарығы жарқ-жұрқ еткен күйі мұның сүйікті әуенін ойнап жатыр.Қыз телефонды қолына алды. "Тұтқаны көтерсеңші",-деді тағы да әлгі дауыс.Қыз тұтқаны көтерді де: "Ало",-деді.Барынша немқұрайлы,тіпті немқұрайлы-ақ айтқысы кеп еді,жігіттің даусы естілгенде-"қайтейін,сен жасырғың келген шындықты мен жасыра алмаймын ғой",-дегендей қыз жүрегі лүпілдеп қоя берді.
Қызылорда қаласы
Мақаламен бөліс

Пікір беру
Пікіріңіз:
Полужирный Наклонный текст Подчёркнутый текст Зачёркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищённой ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Суреттегіні еңгізіңіз:*
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив